1930 жылдары алғаш құрылыс техникумы болып ашылған Алматы құрылыс және менеджмент колледжі биыл 90 жылдық мерейтойын тойламақ. Қара шаңырағымыздың мерейтойы – бұл оқытушылар, қызметкерлер ұжымы, оқушылар мен түлектер үшін ғана емес, аймақ жұртшылығы үшін де айтулы мереке. Мұхтар Әуезов мерейтойға қатысты былай деген екен: «Олар елдің рухын көтереді, халықты топтастырады, ұрпақтар байланысының үзілуіне мүмкіндік бермейді». Міне, осы дәстүрлі дағдымен біздің колледжіміз де мерейтойын тойлағалы отыр.
Алматы құрылыс және менеджмент колледжі – іргетасын қалағаннан бері білім-ағарту жүйесіндегі орны ерекше қара шаңырақ. Республика деңгейінде бірнеше мәрте сапалы білім ордасы екенін дәлелдеген, заман талабына сай оқу орындарының ішінде ойып орын алатын беделі мен атағы бар оқу ордамыз дәстүрлі кәсіптік- техникалық білім беруді артқа тастап, заманауи жүйеде оқытуды – кредиттік технология бойынша білім беруді енгізумен қатар, қазіргі уақытта республикамыздағы кәсіптік-техникалық білім беретін колледждердің көшбасшысы болып саналады, 20 жылдан астам уақыт бойы құрылыс мамандығы бойынша Республикалық оқу-әдістемелік бірлестік орталығы. Білім ордамызда үнемі республикалық деңгейде ғылыми-практикалық және ғылыми-теориялық конференциялар, семинарлар, қаладан және республикамыздың түкпір-түкпірінен келген оқытушылардың тәжірибе алмасуы бойынша педагогикалық идеялар жәрмеңкесі өткізіледі. Сондай-ақ колледж Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім министрлігінің бұйрығы бойынша кәсіптік-техникалық білім беретін оқытушылардың біліктілігін көтерудің регионалды орталығы болып саналады.
Оқу орнының Каспий қоғамдық университетімен ынтымақтастығын ерекше айтуға болады. Біздің түлектеріміз қалаған мамандығы бойынша ойдағыдай 3-курсқа қабылданып, “бакалавр” дәрежесін иелене алады.
Тіршілікке еніп, өмір көшіне ілескен соң, өз ортасынан орын алуға, білімнің шыңына шығуға, өнер-ғылым қууға, елінің тұғырын биіктетуге үлес қосуға кімнің де таласы бар емес пе? Ұлы Абай: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!» демекші, әр кірпіштің дұрыс әрі орынды қалануына біздің колледж ұстаздары аянбай қызмет етуде. Педагогикалық ұжымның ерен еңбегінің арқасында құрылысшы, сәулетші, сәулеттік орта дизайны, интерьер дизайны, бағалаушы, газбен жабдықтаушы мамандықтары бойынша жас ұрпаққа білім берудің мемлекеттік стандарты жасалынған. Колледжіміздің ұстаздары талантты жасөспірімдерді қажымай-талмай дәрістеп келе жатыр. Білім нәрімен сусындаған колледж түлектерінің бірі өз білімдерін жер шарының атаулы жоғарғы оқу орындарында дәлелдеп қана қоймай, еліміздің өркендеуіне қосып ерен үлестерін жатса, енді бірі өзі білім алып шыққан ордасына оралып, ұстаздарының жолын жалғастырып келеді. Колледжіміздің 90 жылдық мерейтойына арнайы жоспар жасалып, сол жоспарды жүзеге асыруда белсенді түрде әртүрлі мерекелік шаралар жүргізіліп жатыр.
Өскелең ұрпақ – адамзаттың болашағы, жалғасы. Бұл мәселеге ата-бабаларымыз да ерекше көңіл бөлген . Ұжымымыздың да мақсаты осы оймен ұштасып жатыр. Ендеше, осы жолдан айнымайық, колледжіміздің мерейі өсе берсін, талантты да білімді шәкірттеріміз көп болсын, колледжіміздің
90 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы
Боранбай Д.Қ.