«Мемлекеттік рәміздер – мемлекетіміздің, егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші бейнесін білдіреді»

Нұрсұлтан Назарбаев

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні болып тойланады.

Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің бірегейлігі мен егемендігін бейнелейтін ажырамас атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында мемлекеттік рәміздер – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында күн сәулесі, оның астында қалықтаған қыран бейнеленген көк түсті төртбұрышты мата. Ұлттық ою-өрнекті тік жолағы  бар. Күннің сәулелерінің, қыран құстың бейнесі және алтын түсті ұлттық ою-өрнекпен әшекейленген..

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы шеңбер тәріздес және көгілдір түсті шаңырақтың бейнесі болып табылады, одан уықтар күн сәулесін шашыратып, жан-жақтан нұрландырып тұрады. Шаңырақтың оң және сол жағында мифтік қанатты пырақтардың бейнелері орналасқан. Жоғарғы бөлігінде көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыз, шаңырақ, уықтар, мифтік аттар бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» жазуы – алтын түсті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны

Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде белгілі болған Қазақстанның әнұраны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2006 жылы 6 қаңтарда ел Парламентінде бекітілген. Ол алғаш рет 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты түрде ұлықтау рәсімі кезінде тыңдалды.

Музыкасы – композитор Шәмші Қалдаяқовтікі, сөзі – Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтікі

Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев
Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов
 
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
 
Қайырмасы:
 
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!
 
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
 
Қайырмасы:
 
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!